ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев заңсыз байыған мемлекеттік қызметшілерге жауапкершілік енгізу жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір заңсыз баю туралы арнайы заң қабылдау мәселесі талқыланып жатыр. Біз ұсыныс енгіздік. Жалпы ұсыныс қолдау тапты, екі ай ішінде барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, оның ішінде қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен әзірлеген ұсынымдарды енгізу қажет», - деді агенттік төрағасы тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, А. Шпекбаев заңсыз байығандарды анықтайтын механизм туралы әңгімеледі.
«БҰҰ конвенциясы аясында халықаралық механизм бар, онда барлық жағдай қарастырылған. Бірақ, біз бүгін қаржылық және мансаптық санкциялар жөнінде мәселе қойып отырмыз. Қылмыстық жауапкершіліктің де енгізілуі бек мүмкін», - деді ол.
Еске сала кетсек, Алик Шпекбаев заңсыз табыс тапқан мемлекеттік қызметшілерді жауапқа тартуды ұсынған болатын.