Заңсыз айналымнан 24 млн теңгенің героині алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақмола облысында героин жеткізу арнасы жойылды. Целиноград ауданының тұрғыны мен есірткі сатқаны үшін бұған дейін сотталған елорда тұрғыны қылмыс үстінде ұсталды. Күдікті әйелдің жеке заттарын тінту барысында сатуға арналған 595 грамм героин тәркіленді. Ал үйін тінту барысында тағы да 845 грамм героин табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1 келі 440 грамды құрайды. Заңсыз айналымға шамамен 24 млн теңгенің есірткісі жіберілген жоқ», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
Оның дерегінше, героиннің ірі партиясы өзге де өңірлерде тәркіленген.
«Атап айтқанда, Жамбыл облысында 600 грамм, Қостанай облысында Тобыл қаласының тұрғынынан 200 грамм есірткі тәркіленді. Естеріңізге сала кетейік, бұл есірткінің 1 грамынан бастап-ақ аса ірі көлемде деп саналады», - деді Берікхан Нұрғалиев.