17 сәу, 2021 сағат 00:11

Заңсыз аң аулаған жамбылдық 1,6 жылға сотталды

Мотоциклымен жабайы аңдарды заңсыз аулап жүрген жамбылдық ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері құм өңірінде жабайы аңдарды заңсыз аулап жүрген Мойынқұм ауданының тұрғынын ұстады.

Күдіктінің жүргізуіндегі «Урал» мотоциклін қарау барысында оның арбасында атылған жабайы қабан, тіркелмеген 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық және пышақ алынды.

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігі, яғни «Заңсыз аң аулау» және ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 1-бөлігі – «Қаруды заңсыз алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүргізілді. Тергеп-тексеру ісі бойынша барлық қажетті сот-сараптамалары жасалып, дәлелдемелер жиналды, қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызөметінің хабарламасында.

Сот талқылауының қорытындысымен айыпталушы кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды. Сондай-ақ екі жыл мерзімге аң аулаумен айналысу құқығынан айырылды.