28 қаз, 2016 сағат 15:08

Зағипа Бәлиева Павлодарда анасынан соққы көрген қыз жайлы: Мен оны өз қолыма алғым келеді

ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Бәлиева Павлодарда анасынан соққы көрген 3 жасар Айлинның оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.

Зағипа Балиеваның айтуынша, қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, ол бұл іске араласа алмай отыр. Ол қызды әзірше әкесі мен әжесіне беруге болатынын айтады.

"Іс материалдарын зерттеп болмайынша, ештеңе айта алмаймын. Менің қазір бұл іске қатысуыма құқым жоқ. Қыз уақытша балалар үйіне берілді. Бірақ мен оны ата-анасы беру қажет деп ойлаймын. Оның әкесі мен әжесі бар. Сіздер де осындай жағдайларды білетін болсаңыздар, маған айтыңыздар, материалдарды жіберіңіздер. Зерттеймін, қажетті шараларды қолданамын", - деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Сонымен қатар, ол қызды өзімен бірге алып кетуін ұсынған болатын.  "Мен балаға деген қамқорлығымды білдірдім. Бірден оларға қоңырау шалдым. Қыздың әке-шешесі өз арасында түсіністікке келгенше, мен қызды өзіммен бірге алып кетуге ұсыныс жасадым. Бірақ маған қажетті шаралардың қолданылғанын айтты. Сол күні-ақ қыз балалар үйіне жіберілді. Мені алаңдататыны - қызды балалар үйіне апара жатқанда, ол қатты жылады. Анасының қасынан кеткісі келмеді. Себебі, қыз әлі кішкентай, ол ненің жақсы, ненің жаман екенін білмейді. Ол үшін ана ең жақын адам", - деді Бәлиева.

Зағипа Бәлиеваның айтуынша, қазіргі уақытта Айлинмен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қыздың көңіл-күйі жақсы, дұрыс тамақтанып жүр.

"Балалар үйінің барлығында психологтар жұмыс істейді. Сәйкесінше, тәрбиешілер де бар. Қазір қыздың көңіл-күйі жақсы. Ойнайды, қатты еркелемейді. Бірақ не дегенмен, менің ойымша, қыздың ата-анасының қасында болуға құқы бар", - деді журналистердің қойған сұрағына Зағипа Бәлиева.

Айта кетейік, осыған дейін үш жасар қыздың Павлодардағы балалар үйіне берілгені хабарланған еді. Аймақтық білім басқармасының мәліметінше, Айлин Қасымова қаладағы балалар үйіне орналастырылған, ал 8 жастағы әпкесі Айғаным әжесі мен атасының қолына берілген.

Білім басқармасындағылардың айтуынша, қыздың әкесі видеодан әйелін таныған. 25 қазанда ер адам Павлодардағы ІІБ орталық полиция бөліміне арыз жазған. Арызында ол бұрынғы әйелі Нұргүл Докуоваға қатысты шара қолдануды сұраған. Ер адам бұрынғы әйелінің балаларды ұрып-соғу жағдайы көп болатынын айтқан.

Өз баласын ұрып-соғып, видеоға түсірген қатыгез анаға қатысты іс қозғалғаны белгілі. Бүлдіршінді анасының аяусыз ұрып-соғуы туралы видео Instagram әлеуметтік желісінде жария болған еді. Кадрлардан әйелдің бүлдіршінді видеоға түсіре отырып, бетінен, басынан ұрғанын көруге болады. Кейін тамағынан қысып, жылап жатқан баланың үнін өшіргісі келеді. Әйел мұнысымен де тоқтамай, бүлдіршінді ұрғылай береді. Кадр сыртында "Ана, тоқтат!" деген тағы бір қыздың даусы естіледі. Қыз шешесін тоқтатпақ боалды, бірақ анасы оның сөзіне құлақ аспайды.  

Кейін Павлодарда қызды ұрып-соққан видеоны таратушы оқиғаның мән-жайын айтып берген еді.