26 шіл, 2016 сағат 15:47

Зады арзан, сүйегі жасық өнерпаз көп

***

Ықылымдарға бармай-ақ беріден ғана шиырсақ, Махамбет пен Тәттімбет, Дәулеткерей мен Құрманғазы, Ақан мен Біржан, Абай мен Әсет, Шәкәрім мен Мәшһүр, Әлихан мен Мұстафа, Ахмет пен Ақжан (Машани), Мұхтар мен Ғабит, Әлкей мен Қаныш, Жүсіпбек (Елебеков) пен Ғарифолла, Сүгір мен Төлеген, Әбікен мен Мағауия, Мұқағали мен Жұмекен, Таласбек пен Серікбол (өзге де есімі аталмай қалған алыптардан кешірім сұраймын) – ҰЛТТЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОДТАРЫ. Әлиханша айтсақ «тағдыр тудырған сом алтындар».

Бұлар телефонның сегіздік саны секілді. Термесең (білмесең дейікші) ұлт ұғымына ендей алмайсың. Әрине, бұл бар болғаны автордың субъективті көзқарасы ғана. Тізімге түзету жасаймыз дейтіндер табылып жатса, тек ғана мархаббат дейміз...

***

Әннің обалы мен сауабы, бұрнағы бозжусан болмасы Толудың (Толғанбай Сембаевтың) көмейінде ғана қалды. Бірде қорғасындай ауырлатып, бірде қауырсындай жеңілдетіп екі ішекпен қос өмірдің нарқын түсіндірер салауат Жанғалидың саусағында тұр.

Қазақтың қадым замандардан бергі саусақ ұшына келіп ұйыған шер-наласы Сматай Үмбетбаевпен бірге жоғалар ма екен деп қорқамын. Қай күндері алабұртқан көңіл сарығын баспаққа Сматай шалған қобыз үніне аңсарым ауды. Нанасыз ба? Мәдениет министрлігінің қолдауымен шыққан «мың күйден» Сматай қобызының үнін таппай шынымен-ақ қайран қалдым. Не деген парықсыз ел едік осы? Бүгінде не көп өзі? Зады арзан, сүйегі жасық өнерпаз көп. Ал мына үш корифей «ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА» КІРГЕН «ҚАЗАҚТЫҚТЫҢ» ЕҢ СОҢҒЫ, КӨЗІ ТІРІ КЕЙІПКЕРЛЕРІ ҒОЙ.

Әттең дейсің, әбілет басқан қоғамға ішің оттай жанып...

Жүзбаевты там-тұмдап білетін жамиғаттың анау екі ұлы музыка могиканы туралы білеріне, әй, қайдам, күмәнім бар.

Ықылас Ожайұлы

Қалам ұшына тұнған сыр...
(Психологиялық этюдтан үзінді)