Коронавирус пандемиясы салдарынан бар әлем оқшаулануға мәжбүр болды. Бұл экономика, білім беру, денсаулық сақтау сынды бірқатар саланың жұмысына ықпал етті. Осы орайда ҚР Ұлттық кардиохирургиялық орталығының басқарма төрағасы Юрий Пя карантинде донорлық жұмыстың қандай мәселелерге тап болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстан - пандемияға қарамастан трансплантация жүргізіп жатқан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.
«Карантин кезінде бізде ғана емес, барлық әлемде трансплантация көлемі азайды. Кей елдерде донорлық жұмысы мүлдем тоқтатылған. Еуропа елдері ортақ желі құрып, ықтимал донорлар туралы деректер банкін құрды. Осылайша, орган мұқтаждығын жойып, тиімді жұмыс істеп жатыр. Ал біз - Орталық Азияда жүрек пен өкпе алмастыратын жалғыз елміз. Мұндай отаны тек Қазақстан ішінде ғана жасай аламыз. Органдарды өзге елден жеткізе алмаймыз және өзіміз де жібере алмаймыз. Сондықтан бізде қайтыс болған адамнан орган алу жұмыстары өте аз жүргізіледі», - деді Юрий Пя кардиохирургиялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында.
Дәрігер 2012 жылдан бері Қазақстанда жүрек алмастыруда 81 ота жасалғанын айтты.
«Бұл - өте аз көрсеткіш. Күн сайын адамдар жол апатынан, өндірісте немесе миға қан құйылып қайтыс болады. Осылайша, ықтимал донорлар саны көп болады. Алайда, олардың жақындары мен туыстары көп жағдайда трансплантацияға рұқсат бермейді. (...) Халықаралық статистикада 1 млн адамда 10 жүрек алмастырылады. Біздің елімізде жылына шамамен 180 жүрек ауыстыру сұранысы бар. Ал біз мұндай оталарды жылына 10 рет қана жасаймыз. Тірі донордан көп жағдайда науқастың туыстарынан бүйрек немесе бауырдың бір бөлігі алынады. Ал жүрек пен өкпе тек қайтыс болғандардан алынады», - деді Юрий Пя.