03 ақп, 2021 сағат 10:58

Юрий Ильин: Төтенше жағдайды бастапқы кезеңінде алдын алған жөн

Кез келген төтенше жағдайды бастапқы кезеңінде-ақ алдын алған жөн. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кез келген төтенше жағдайды бастапқы кезеңінде алдын алған дұрыс. Соңғы бірнеше жыл бойы Үкіметтің қолдауының арқасында төтенше жағдай аймағында жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін мототомпаның бірнеше түрін, жүзу құралдарын сатып алдық. Өзбекстанда Сардоба аумағында орын алған техногендік апат кезінде Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының, Шымкент қаласының күш-құралдарының басым бөлігін жайылған суды сорғыту жұмыстарына жұмылдыра алдық», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, аталған техногендік апат салдарынан еліміздің оңтүстігінде бес елді мекенді су басты. Мақтаарал ауданының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. 

«Бұған қоса, бөлімшелерде 1 мың адамға арналған шатырлы лагерьді тез арада құруға арналған таусылмайтын қор жасақталды. Жыл сайын төтенше жағдай кезінде халық жиналатын ықтимал пункттерді тексеру жүргізіледі», - деді Юрий Ильин.