05 қар, 2018 сағат 14:38

Юри Ратас: Эстония үшін Қазақстанмен ынтымақтастықтың келешегі зор

Бүгін Астанадағы бизнес-форумда сөз сөйлеген Эстония Премьер-Министрі Юри Ратас Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаевпен екіжақты кездесудегі әңгімесін де ерекше атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, бүгін Қазақстан Премьер-Министрімен екіжақты кездесуім өте тиімді әрі жемісті болғанын атап өткім келеді. Біз Қазақстан мен Эстония ынтымақтастығының түрлі аспектілерін талқыладық. Цифрландыру, білім беру мен ауыл шаруашылығы туралы әңгімелестік. Сонымен қатар, Қазақстан мен Эстония арасындағы қарым-қатынастар бағытындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы туралы да сөз қозғадық. Әлбетте, Эстония бұл бастамаға қатысуға қызығушылық білдіреді, өйткені бұл екі елді теміржолдар арқылы байланыстырады», - деп атап өтті Ю. Ратас бизнес-форум барысында.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Эстонияның ынтымақтастығы келешек қарым-қатынастар үшін де зор әлеуетке ие.

«18 млн халқы бар Қазақстан өте үлкен ел, мұнай кен орындарына да бай, маңызды сауда байланыстарына да ие. Эстония халық саны аз, шағын мемлекет. Осындай әртүрлі айырмашылықтарымыз болғанына қарамастан, біздің ортақ мүдделеріміз де баршылық. Екіжақты экономикалық өзара байланысты кеңейтуге мүмкіндігіміз мол, бұлар әсіресе IT, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және экологиялық технологиялар, қалдықтарды басқару салаларында басымдыққа ие деп ойлаймын. Бұл бағыттағы тізім уақыты келген сайын кеңейе түседі деген сенімдемін», - деді Эстонияның Үкімет басшысы.

Сөз арасында мәртебелі мейман Astana Hub-ты аралап көргісі келетінін де жеткізді.

«Мен Қазақстан Үкіметінің жеке сектормен бірлесе отырып мейлінше сараланған және заманауи экономикалық модель бағытын қалыптастыруға қатысты үлкен саяси ерік-жігерін байқап отырмын.  Бұл ретте өзгерістерді тек әкеліп қана қоймай, оны ұдайы қолдау қажеттігін де түсінемін.  Екінші жағынан Эстония экономикасы да еңбекті көп қажет ететін индустриядан капиталды қажет ететін индустрияға трансформациялау процесінен өтіп жатыр.  Әлбетте бұл дәстүрлі индустрия құрып кетеді деген сөз емес, керісінше, бұл олардың цифрландыруды, автоматтандыру мен жаңа технологияларды қолдана отырып бұрынғыдан да тиімді бола түсетінін қарастырады», - деді Ю. Ратас.

Еске сала кетсек, бүгін елордада Digital Bridge халықаралық инновациялық форум өтіп жатыр.