15 ақп, 2019 сағат 16:27

Юлия Галышева мен бапкері «Құрмет» орденімен марапатталды

Могулдан Олимпиада ойындарының жүлдегері әрі әлем чемпионы Юлия Галышева мен фристайл-могулдан ұлттық команданың бас бапкері Елена Круглыхина мемлекеттік наградаға ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Марапатты Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев тапсырды. Айта кету керек, чемпион мен бапкер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, «Құрмет» орденімен марапатталды.


«Сіздерді жоғарғы мемлекеттік наградаларыңызбен құттықтаймын! Сіздер шын мәнінде үлкен жұмыс атқардыңыздар. Өткен жылы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, биылғы әлем чемпионатында барша жанкүйерді алтын медальмен қуантып отырсыздар. Сіздер үшін бұл жеңіске барар жол оңай болмағанын білемін. Алдымен қола жүлдеге қол жеткізіп, келесі әлем чемпионатында күміс медаль еншіледіңіздер. Қазақстан спорты тарихында тұңғыш рет могулдан әлем чемпионы атанып, биіктен көрінгеніңіз үшін қуаныштымын. Мемлекет басшысының қолдауы мен Үкіметтің жүйелі жұмысы еліміздегі спорттың дамуына серпін беріп, жақсы нәтижелер тіркелуде. Осы орайда, қысқы және жазғы спорт түрлерін тең дәрежеде дамытып отырған Шығыс Қазақстан облысы басшылығының еңбегін де атап өткім келеді», - деді Қазақстан ҰОК президенті.  

«Бізге берілген жоғары марапат үшін айтар алғысымыз шексіз. Біз шын мәнінде үлкен қолдауды көріп отырмыз. Мұны біздің көрсеткіштерімізден байқауға болады. Бүгінде біз толыққанды команда жасақтадық. Жаттығу жұмыстарын жүргізіп, жоғары нәтиже көрсету үшін барлық жағдай жасалған. ҰОК пен Мәдениет және спорт министрлігінің бірлескен еңбегі арқасында біздің аймағымызда дайындыққа қажеттінің бәрі бар», - деп атап өтті Е. Круглыхина.

Юлия Галышева да мемлекеттік награда үшін алғысын білдірді.               

«Құрмет» ордені - менің бүгінге дейін алған ең жоғарғы наградам. Бұл әрі қарай тынымсыз еңбектенуге үлкен серпін береді. Мемлекет басшысымен және Олимпиада комитетінің президентімен өткен бүгінгі кездесу еліміздегі спортшылардың қолдаусыз қалмайтынын көрсетеді. Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Биік шыңдарды бағындыру үшін аянып қалмаймыз», - деді Ю. Галышева.


Қазақстан ҰОК президенті жыл басынан бері жанкүйерлерді жетістігімен қуантқан спортшылардың еңбегін ұмыт қалдырған жоқ. Могул спортының өкілдерінен бөлек, кездесуге «Төрт құрлық чемпионаты» турнирінің күміс жүлдесін жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, Лахтиде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сергей Ткаченко және WBC нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы атанған Садриддин Ахмедов те қатысты.

«2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Жас спортшыларымыздың жылды жеңіспен бастағаны қуантады. Біздің командамызда Юлия секілді бүкіл спортшыларды соңына ертетін көшбасшы бар. Олардың соңынан таланатты жастар еретініне сенімдімін. Біздің спортшылар бұл жетістікпен тоқтамай, болашақта жаңа жеңістерімен жанкүйерді қуантады деген үміт мол», - деді Т. Құлыбаев.  

Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң спортшылар өз дайындығы мен болашаққа жоспарларымен бөлісті.