14 қар, 2018 сағат 17:09

Ыстанбұл тұрғындары «Алтын адамды» көре алады

Ыстанбұлдағы түркі және ислам өнері мұражайында ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы және Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы ұйымдастырған «Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТҮРКСОЙ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрменің ашылуына Қазақстан мен Түркиядан бірқатар жоғары қызметтегі қонақтар, өнер бағалаушылары қатысты.

Өз сөзінде ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы биылғы жылы ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығы аясында түркі мәдениеті мен өнерін әйгілендіру мақсатымен әлемнің түкпір-түкпірінде ауқымды іс-шаралар өткізіп отырғанын атап өтті.

ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы, сондай-ақ, бүкіләлемдік мәдениет және өнер астанасы болып табылатын Ыстанбұлда осы жолы Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайымен бірлесіп бірегей көрме ашылатынын хабарлады. Алып қала тұрғындары бұл көрмеде қазақ жерінің археологиялық, этнографиялық, сондай-ақ тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болады.

Дүйсен Қасейіновтің айтуынша, тарих пен мәдениет сүюшілері көрмеде қойылған экспонаттардың арасында түркі халықтарының бұрынғы тарихы туралы стереотиптерді өзгертіп, Қазақстан Республикасының ұлттық символына айналған «Алтын адамды» да көре алады.   

Көрменің барысында ТҮРКСОЙ халық аспаптары оркестріндегі қазақ музыканттары дәстүрлі қазақ музыкасының шағын концертін ұсынды.

«Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы» көрмесі 2018 жылғы 9 желтоқсанына дейін жұмыс істейді.