17 қар, 2016 сағат 11:16

Ясауи мұрасы таспаға түседі

Қазіргі таңда еліміздегі қорық-мұражайлардың ғылыми әлеуеті жоғарылап келеді. Бұл туралы Қазақстан музейлері мен қорық-мұражайларының қызметі, алдағы міндеттері мен даму мүмкіндіктері тақырыбында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкір мәлім етті.

Ол биылғы қазан айында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ЮНЕСКО деңгейінде 2016 жыл – «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануына орай өткізілген «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты V халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференцияның ерекше маңызын атап өтті. «Мәселен, биыл конференциямызға Англиядан келген Джонатан Трапман есімді зерттеуші өз елінде Ясауи мұра­ларын ағылшын тіліне аударып, кітап етіп шығарып жүр. Оның болашақта Ясауи туралы деректі фильм түсірмек ойы бар. Онымен ынтымақтастық байланыс орнату мақсатында келісімшартқа қол қойдық», деді Ж.Әубәкір.

Сонымен бірге, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры Татарстанның ғылым академиясымен келісімшарт жасалып, бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Бұған қоса, еліміздегі ғылыми-зерттеу орта­лықтарымен, ғылыми-зерттеу инс­титуттарымен шығармашылық байланыстар орнатылған. Жа­қында Қазақстан Президентінің музейімен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойдық, яғни бұлардың барлығы қазіргі таңда қорық-мұражайдың ғылыми әлеуеті жоғарылап келе жатқанын айқындайды», деді ол.

Сонымен қатар, брифинг барысында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаменті директорының міндетін атқарушы Күміс Сейі­това Мемлекет басшысының тапсырмасымен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында музей ісі саласында бірталай жұмыстар атқарылғанын айтып берді. «Соңғы 15 жылда музей­лердің саны артып отыр. Мәсе­лен, 2001 жылы елімізде бар­лығы 103 музей жұмыс жасаса, 2010 жылы олардың саны 205-ке, ал 2015 жылы 234-ке жетті. Оның ішінде тарихи – 50, өлкетану – 89, ме­мориал­дық – 52, ғылыми-жараты­лыстану – 4, өнертану – 11, музей-қорықтар 10 және басқалары 18-ді құрайды», деді К.Сейітова.

Сондай-ақ, ол Қазақстан музей­лерінің негізгі қорындағы экспонаттар саны да айтарлықтай өсіп, соңғы 15 жылдың ішінде негізгі қордағы экспонаттар 1 795 820-дан 2 397 246-ға артқанын жеткізді.

Спикердің айтуынша, музейлерге келушілер де күн санап ар­тып келеді. «Мәселен, 2001 жылы му­зейлеріміз 3 261 000 адамға қызмет көрсетсе, 2015 жылы Қазақстан музей­лері 5 720 000 адамға өз қыз­меттерін ұсынған», – деді ол.

Сонымен қатар, К.Сейітова Қазақ­станның үш қорық-музейін­дегі тарихи ескерткіштер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұ­ра­лар тізіміне енгенін атап өтті. Олардың қата­рында Қожа Ахмет Ясауи кесе­несі, Таңбалы ар­хео­­­логиялық ланд­шафтың петро­глифтері және Ақыртас, Ақ­төбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қос­төбе нысандары бар.

Айдар ӨРІСБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»