Ресейдің Якутия аймағында Шығыс федеральдық университетінің (СВФУ) 34 студентіне коронавирус жұқты. Бұл туралы аймақтың губернаторы Айсен Николаев хабарлады.
“Якутияда бір күнде 52 адамнан коронавирус табылды. Оның 34-і – СВФУ студенті. Вирус тарау ошағы анықталды. Университетте студенттер арасында вирус қатты тарамайды деп үміттенеміз” деді Николаев.
4 мамырда СВФУ жатақханасында бір студенттен коронавирус табылған соң карантинге жабылған. Айсен Николаевтың сөзінше, вирус жұқтырғандарда симптом жоқ, температура көтерілмеген.
Студенттер вирусты қалай жұқтырып алғаны хабарланбады. Сәуірдің соңында Ресей денсаулық сақтау министрлігі және білім министрлігі медуниверситеттердің жоғарғы курс студенттерін коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан ауруханаларға тәжірибеден өтуге жіберу туралы шешім қабылдаған. Құжатта студенттер келіскен жағдайда ғана жұмысқа тартылатыны, олармен еңбек келісім-шарты жасалатыны айтылған. Министрлік осы арқылы 40 мың студентті жұмысқа тартпақ. Бірақ кейбір студент “жұмыстан бас тартсаңдар, оқудан шығарамыз” деген қорқыту болғанын айтады.
8 мамырдағы ресми дерек бойынша, Якутия аймағында 437 адамға вирус жұққан. Төрт адам қайтыс болған. Ал бүкіл Ресейде COVID-19 дертіне шалдыққандар 177 мыңнан асып кетті. 1600-ден астам адам көз жұмды.