Фото: aa.com.tr
АҚШ президенті әкімшілігі Украина билігіне соғыстың шешуші кезеңіне қадам басқанын, украин армиясы Батыс елдерінен үлкен әскери көмек алып жатқанын, майдан алаңында барынша нәтижеге жетуге тиіс екенін ескерткен.
Бұл жөнінде Washington Post басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп жазады Азаттық.
Алдағы айлар оңай болмайтынын қаңтар айында Киевке барған америкалық шенеуніктер де ескерткен.
Басылымға пікірін білдірген дереккөз АҚШ конгресінің өкілдер палатасын бақылайтын республикашылдар Украинаға әскери көмекті азайтуға ниетті екенін жеткізген.
Биыл жазда Украинаға берілетін көмек аяқталады. Осыдан кейін Киевке әрі қарай қолдау көрсету қиын болады. Қазір Байден әкімшілігі Украинаға тағы 10 млрд доллар бөлу үшін конгреспен жұмыс істеп жатыр. Бұл көмекті Ресейдің Украинаға шабуыл бастағанына бір жыл қарсаңында жариялауы мүмкін. Сол кезде Ресейге тағы қосымша санкциялар салынуы ықтимал.
Газетке сұхбат берген Байден әкімшілігінің өкілі көктемге қарай Ресей шабуылға көшетінін, Украина тартып алынған жерлерін қайтару үшін қарсы шабуылға шығуы мүмкін екенін жеткізген.
Америкалық шенеуніктердің пікірінше, Украинаға бір мезетте Донецк облысындағы Бахмутты қорғап әрі қарсы шабуылға шығу қиындау болуы мүмкін. "Егер Украина бір мезетте барлық жерде шабуылға шықса, бұл Мәскеуге тиімді болуы мүмкін" деді сұхбат беруші.
Бұдан бөлек, Америка барлау қызметі Украина Ресей басып алған Қырымды қайтара алмайды деген шешімге келген.
Ал Киев Украинаның барлық басып алынған облыстарын, оның ішінде аннексияланған Қырымды да қайтарып алуға ниетті.
Байден әкімшілігі Украина Ресеймен келіссөз жүргізбес бұрын аумағын қайтарып алуға барынша күш салуы керек деп есептейді.