Фото: Ult.kz
20 ақпанда Women In Business форумы әйел кәсіпкерлерді, сарапшыларды және қоғам көшбасшыларын бір алаңға жинады. Іс-шараға 350-ден астам қатысушы жиналып, кәсіпкер әйелдер кездесетін кедергілер мен олардың шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Форумда қаржыландыруға қолжетімділік, білім беру және бизнесті дамыту мәселелері басты назарда болды. Гендерлік теңдіктің экономикалық дамуға әсері туралы шабыттандыратын баяндамалар тыңдалды.
Halyk Bank басқарма төрайымы Умут Шаяхметова әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен табысының артуының ел экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмашылығы жаһандық деңгейде 7 трлн долларлық экономикалық шығындарға әкеледі, ал Қазақстанда әйелдердің табысы ерлерден 26%-ға аз.
"Әйелдердің кәсіпкерліктегі рөлін арттыру үшін Halyk Bank 2018 жылдан бері 'Кәсіптегі әйел' бағдарламасы аясында 600-ден астам кәсіпкер әйелге төмен пайыздық мөлшерлемемен 7 млрд теңге көлемінде несие ұсынды. Банктің өзінде де гендерлік теңдікке баса мән беріледі: орта буын басшыларының 63%-ы әйелдер", — деді Шаяхметова.
Әлемдік банктің Орталық Азиядағы өңірлік директоры Татьяна Проскурякова гендерлік теңдіктің экономикалық әлеуеті зор екенін атап өтті.
"Егер әйелдер ерлермен тең дәрежеде экономикалық қызметке қатысса, Қазақстанның ЖІӨ 27%-ға өсуі мүмкін", — деді ол.
Visa компаниясының аймақтық менеджері Кристина Дорош әйелдерді қолдау бастамаларының нәтижелерімен бөлісті.
"She’s Next бағдарламасы аясында біз 16 500 әйелге білім беру, қаржыландыру және бизнесті дамыту мүмкіндіктерін ұсындық", — деді ол.
Форум аясында мастер-класстар, тәжірибе алмасу кездесулері және "Belesteri" байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Бұл бастама ауыл әйелдеріне, жас кәсіпкерлерге және шағын бизнес иелеріне қолдау көрсетуге бағытталған.
Women In Business форумы кәсіпкер әйелдердің тәжірибе алмасуы және ынтымақтастық орнатуы үшін маңызды алаң екенін тағы бір рет дәлелдеді.