2021 жылдың 14 наурызында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясы арасында ҚР мен БАӘ арасында тұрақты рейстер ашу туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталыш құжатқа ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары шеңберінде қол қойылып отыр, делінген ҚР Инудустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Мәлімдемеде «Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясының 2021 жылғы мамыр айының ортасынан бастап Абу-Даби мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында тұрақты рейстер жасауға дайын екені көрсетілген.
ҚР мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында тараптар көрсетілген рейстерді ашу мәселесі бойынша өзара іс-қимылды үйлестіріп, жүзеге асыруға келісті.
Айта кетейік, «Wizz Air Abu Dhabi» - лоукостер, Абу-Даби әуежайында орналасқан БАӘ-нің 6-шы ұлттық әуе компаниясы. 2020 жылғы 12 қазанда пайдаланушы сертификаты берілген.
Аталған әуе компаниясы - ADQ (бұрынғы Abu Dhabi Development Holding Company) мемлекеттік компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Компания акциялардың 51% ADQ, 49% Wizz Air Holdings-ке тиесілі.
Алғашқы рейсін 2021 жылдың 15 ақпанында Абу-Даби-Афина бағытында орындады.
Әуе компаниясы 13 бағыт бойынша 11 елге халықаралық рейстер орындайды: (Афина, Армения (Ереван), Болгария (София), Кипр (Ларнака), Египет (Александрия), Грузия (Кутайси), Греция (Афина), Израиль (Тель-Авив), Украина (Одесса), Венгрия (Будапешт), Польша (Катовице), Румыния (Бухарест).
Бүгінгі таңда әуе компаниясының А321 пео үлгісіндегі 4 жаңа әуе кемесі бар. 2021 жылдың соңына қарай өз паркін 30 әуе кемесіне дейін ұлғайту жоспарланып отыр.