Әліпби құрамына енетін дыбыстар мен оларды латын графикасымен таңбалау мәселесі қазіргі кезде кеңінен талқылануда. Мамандар тарапынан да, көпшілік тарапынан да түрлі пікірлер айтылуда. Осыған орай, әліпби жобаларының кейбір авторлары «у» дыбысын «w» таңбасымен беруді дұрыс деп, өз уәждерін білдіріп жүр. Аталған таңбаны қабылдайтын болсақ, әрі қарай әріпті оқу және жазу мәселесі туындайтыны белгілі. Осы жағдайларды ескере отыра, мәселені тереңірек зерделеуге бардық. Көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қиындықтардың 90%-ы жазумен байланысты болып келетіндігі айтылған. Сондықтан әріп таңбаларын балаға үйретудің машақаты болмауы жағын да қарастырғанымыз дұрыс болар еді.
Қарапайым ғана жазу әрекетімен байланысты ойымызды ортаға салайық. Біріншіден, «w» таңбасын жазуда көлбеу сызықты жоғарыдан төмен қарай салу керек, одан соң нүктесін түйістіре отырып оны төменнен жоғары созу керек, одан кейін тағы да нүктені түйістіре отырып жоғарыдан төмен көлбеу сызықты түсіріп, одан қайта жоғары көтеру керек. Бір әріпті салу үшін бала төрт түрлі әрекет жасауы керек және айқастырмай нүктелерін түйістіре келтіру керек. Әріпті енді үйреніп отырған балада бірі жоғары, бірі төмен шимай пайда болады. Яғни, «w» таңбасы кіші жастағы баланың әріпті тұтас жазып кетуіне мүмкіндік бермейді, әріптердің элементтерін жазғанда ұзынды-қысқалы етпей, тегіс, бірдей жазу керек деген жазу талабы сақталмайды.
Бастауыш мектепте әріптер талдап жазудан басталады, содан кейін барып әріпті тұтас жазуға машықтанады деп уәж айтушылар да болар. Осы әріпті, яғни «w» таңбасын бөлшектеп жазып көрелік: алдымен оңға және солға қисайған көлбеу сызықтар салып жаттығу керек (\ /), одан соң екеуін түйістіруді үйрету қажет (V), одан кейін түйіскен таңбаны тағы түйістіре отырып қайталаймыз. Үзіліссіз жазылатын бұл таңба баланың үйренуіне де, үйретуге де оңай соқпасы анық. Сонымен қатар бұл таңбаны кирилдегі «В» әрпін белгілейтін «V»-мен шатастыру, жазу жылдамдығы артқан кезде жазу айқындығының сақталмау қаупі де бар. Мысалы: су – sw; бу – bw; жу – jw; жуа – jwa; университет – wnıversıtet; уақыт – waqyt; сайлау – saılaw; бауыр - bawyr; самаурын - samawryn сияқты сөздерде «у» дыбысы сөздің соңында, ортасында және басында қолданылған. Осы берілген сөздердің барлығында дерлік «w» таңбасы «в» ретінде қабылдануға бейім тұр. Ағылшын тіліндегі «whatsApp» сөзін де қарапайым қолданушылардың «ватсап» деп оқуы да осыған дәлел. Өйткені «w» таңбасы көпшіліктің көзшалымына бейтаныс болып тұр. Халық оны «у» деп оқып немесе жазып үйренбеген, қабылдай алмайтындығы да сондықтан.
Олай болса, үйрену машақаты көп «w» таңбасын латыннегізді әліпби жасауда қолданудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз.
Латын әліпбиі негізінде өз әліпбиін жасаған елдердің қолданған таңбаларына қысқаша шолу жасаған ғалымдардың дерегіне сүйенсек, келесі айғақты көреміз. Латыштардың қазіргі әліпбиінде 33 әріп таңбасы бар екен, бірақ әліпбиге алынбаған таңбалардың қатарында латынның W w таңбасы бар. Сол сияқты бұл таңбаны 29 әріптен тұратын әліпбиінде өзбектер де, латынға негізделген 32 таңбалы әліпбиінде әзірбайжандар да қоспаған. Неге? Демек, олардың бұл таңбаны алмауының уәжі бар болғаны ғой.
Оның тиімсіз тұстарына қатысты біздің айтар уәжіміз мыналар:
- жазуға үйретуде және жазылымда қиындық тудырады;
- оқылымда «v» таңбасымен ауыстырып алуы ықтимал;
- көзшалымға бейтаныс таңба;
- халық «у» таңбасын латын графикасындағы «u» әрпімен жазып, оқып дағдыланғандықтан, «w» таңбасын «у» деп қабылдай алмайды. Олай болса, бұл таңбаны латыннегізді әліпбиімізді жасауда қолданудың қаншалықты қажеттілігі бар?
Ойымызды түйіндей келе, латыннегізді әліпбиді жасаушы мамандар мен ғалымдар әр дыбысқа өзіне лайықты, қолдануға, тез үйренуге ыңғайлы, жеңіл таңба беру жағына, ол таңбаның оқылым мен жазылымға кедергі келтірмеу жағына назар аударса екен дегіміз келеді.
Света Саменова
Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты