#
#
Сенбі 11/07/2020

Волонтерлік қызмет аясын кеңейте түспекшіміз – Дулат Жүсіпқалиев

  • 12.02.2020
  • 0
  • 436

Әр өңірде волонтерлік қызмет аясын кеңейту маңызды. Бұл туралы Орал қалалық жастар ресурстық орталығы жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Дулат Жүсіпқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, елордада өтіп жатқан «BIRGEMIZ» республикалық фронт-кеңсесінің кешенді іс-шараларына Батыс Қазақстан облысынан отыздан астам волонтер қатысуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты отырыста атап өткеніндей, волонтерлік қызмет енді еңбек өтіліне кіретін болады. Бұл – қуанышты жағдай. Бұдан еріктілер саны көбеймесе, азаймайтыны анық.

Сол секілді үздік деп танылған волонтерлар мемлекеттік наградаға ұсынылмақшы.

Студенттік әлеуметтік кредит жобасы да жүзеге асырылмақшы. Былайша айтқанда, волонтерлік қызметі үшін жоғары оқу орындарының студенттеріне қаржылай ақы төленеді. Яғни бес бағыт бойынша 20 сағаттық және 50 сағаттық жұмыс көлемін атқарса, сәйкесінше 20 және 50 мың теңгеден алады. Биыл бұл бағыттар көбейтіліп, 70 сағатқа, 70 мың теңгеге дейін жетпек.

- Дулат, волонтерлар жылына орай облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылуда?

-Иә, өңірде атаулы жыл аясында іс-шаралар жоспарланып, қолға алынды. Қазіргі таңда Оралда жеті бағыт (білім, асыл мұра, үміт, қамқор, саулық, таза әлем, сабақтастық) бойынша жұмыстар істелуде.

Білім бағыты бойынша Орал қаласы жастар ресурстық орталығында репетиторлық қызмет жүзеге асырылуда. Еріктілер түрік, ағылшын тілдерін және гитарада ойнауды тегін үйретуде.

Асыл мұра бойынша қала жастары үшін «Ұлттық аспапты үйрен» атты тегін курс ашылды. Сондай-ақ қаладағы барлық ескерткіштер туралы мәліметтер жинақталып, ол мобильдік қосымшаға жүктелмекші.

Үміт бағыты бойынша қалада 48 майдангер болса, сол ардагерлерімізді еріктілеріміз бөліп алды. Біздің орталық 10 майдангердің қал-жағдайын біліп, қажетті көмек көрсетеді.

Қамқор бойынша мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, табысы аз отбасыларға жәрдем берілуде. Бұл ретте «Біз сізбен мақтанамыз» жобасы аясында өңірге танымал кәсіпкерлер, қайраткерлер мен өнер адамдары мұқтаж жандарға азық-түлік және басқалай көмек көрсетсе, біздер сол жарқын істерді бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы жария етіп, алғысымызды білдіреміз.

Саулық бағыты бойынша Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде оқитын волонтерлар қаладағы ауруханаларға, медицина мекемелеріне бөлініп, тиісті қызметтерін атқаруда.

Таза әлем бойынша «Экосақшы» жобасы жүзеге асырылуда.

Сабақтастық бойынша «Біз – жетістік жолы» жобасы аясында табысқа жеткен танымал адамдармен балалар үйлеріне барып, кездесулер өткізіп, олар ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Тағы бір айтарым, өңір басшысы Ғали Есқалиевтің тапсырмасына сәйкес volunteer07.kz сайты жасақталды. Онда болатын шаралар алдын ала хабарланады. Содан кейін өткендері жөнінде ақпарат, есептер беріліп, отырады. Соған сәйкес жыл соңында үздік еріктілер анықталатын болады.

Бір сөзбен айтқанда, елімізде жастардың волонтерлік қызметпен айналысуына барынша жағдай жасалуда. Біз сол мүмкіндікті пайдалана білуіміз керек.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар