22 шіл, 2020 сағат 10:23

Волонтерлер карантин кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыс істейді

Волонтерлер арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар болды ма? Бұл сұраққа «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы Вера Ким жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай кезінде барлық іс-шара қажетті қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүргізілді. Қазір біржақты айту қиын. Біздің командада жұмыс істеген еріктілердің ешқайсысы ауырмады. Бірақ, біздің достарымыздың, серіктес ұйымдардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған волонтерлердің бар екенін білемін. Бірақ олар ерікті қызметін көрсету кезінде инфекция жұқтырды ма, жоқ па - айту қиын. Әйтсе де, волонтерлердің шынымен де вирус жұқтырғаны расталған», - деді Вера Ким ОКҚ онлайн баспасөз мәслихатында.

«Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы бірлестіктің 2010 жылы құрылғанын айтады. Желі 80-ге тарта волонтерлік ұйымның басын біріктіреді.

«Төтенше жағдай жарияланған кезде біз Қазақстандағы барлық волонтерлердің бастамаларын біріктіріп, сенім телефонын аштық. Тұрғындардың мұқтаждығы мен талаптарын білу үшін сенім телефоны жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде біздің волонтерлер тұрғындардан түскен қоңыраулар бойынша жұмыс жүргізді. Біздің сенім телефонымызға көп адам еріктілер қатарына қосылу туралы өтінішпен хабарласып жатты», - деп толықтырды В. Ким.