10 қыр, 2021 сағат 14:00

«ВКонтакте» қолданушысы «сыңар» аккаунт арқылы елден ақша алдап алған


«ВКонтакте» қолданушылардың сыңар аккаунтын құрып, сол арқылы таныстарынан ақша алдап алған елордалық тұрғын ұсталды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Күдікті желі қолданушыларының парақшаларын айна қатесіз көшіріп алып, «достарынан» электронды төлем арқылы шұғыл ақша аударуды сұраған. Бойжеткен желідегі «сыңарының» атынан жолдаған хабарламада шұғыл жағдайға тап болғанын айтып, қарызға ақша сұрайды. Әдетте, 5-15 мың теңге көлемінде ғана алып отырған. Бұл айлаға желі қолданушыларының көбі алданған. Бүгінге дейін алаяқтық фактісі бойынша елорда полициясына бүкіл Қазақстаннан 40 азамат жүгінді. Келтірілген залалдың жалпы сомасы есептеліп жатыр», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі. 

Жедел-іздестіру іс-шарасының аясында полиция қызметкерлері елорданың 19 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстаған. 

«Күдіктінің үстінен «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция азаматтарға желіде отырған кезде сақ болу керектігін ескертеді. Сізден танысыңыз әлеуметтік желі арқылы қарызға ақша сұраса, жүбе-жүз кездесуді ұсыныңыз», - деп кеңес береді полиция өкілдері.