29 қар, 2022 сағат 12:21

Вице-премьер McDonald's-тың жабылуы туралы пікір білдірді


Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы McDonald’s-тің уақытша жабылуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүкіл ақпаратты сіздерге айта алмаймын. Өйткені мен алған ақпаратты компанияның бас кеңесі әлі мақұлдамаған. Бірақ біршама көлемдегі тауар, 1000-ға жуық аталым импортталып келген. Кейбірі өзімізде шығарылатын. Мысалы, тоқаштарды «Байсерке-Агро» шығарып келді. Сондықтан қазір қайта құрылымдау жүріп жатыр. Біз компания басшылығынан Сауда министрлігі тарапынан қандай көмек керек екенін сұрадық. Техникалық реттеу комитетіне жұмыс жылдамдауы үшін сертификация бойынша қандай көмек бере алатынымызды қарауды тапсырдым. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр», - деді Жұманғарин.

«Бұл оқиға Қайрат Боранбаевтың ұсталуына байланысты емес пе?», - деп сұрады журналист.

«Жоқ, ондай әсері бар деп ойламаймын. Ол бар болғаны акционер ғана ғой», - деді вице-премьер.