ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев жұмысшыларының айлығын өсіріп жатқан кәсіпорындарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақыны 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыру тапсырмасына байланысты біз ҚР 2019-2021 жылдарға арналған тиісті құжатқа өзгерістерді енгіздік. Ол құжат қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатыр. Жуық арада ол өзгерістер республикалық бюджеттік комиссияда қаралып, тиісті қаражат бөлінді. Менің ойымша, осы жылдың желтоқсанында аталмыш заң қабылданатын болады», - дейді Нұржан Әлтаев елордадағы «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуына қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін 275 мың азаматтық қызметкердің айлығы көтерілетін болады.
«Олардың айлығы шамамен 35 пайызға өседі. Азаматтық қызметкерлердің айлығын арттыру бағытын қаржыландыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен жыл сайын 86 млрд теңге қарастырылатын болады», - деді ол.
Вице-министр жалпы, ең төменді айлық мөлшерінің өсімі экономиканың әртүрлі секторында еңбек ететін 1 млн 300 мың адамның айлығын өсіруге септігін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта айлығы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша ірі кәсіпорындармен жұмыс жүргізілуде. Нұржан Әлтаев өз сөзінде айлығы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру міндетінің жүзеге асырылуын бақылайтын штабтар құрылып жатқанын айтып берді.
«Мониторинг жұмысы көрсетіп отырғандай, еліміздегі көптеген ірі кәсіпорындар Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, өзінің жұмысшыларының айлығын көтеріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 12 қарашасындағы жағдай бойынша республикада 1 мыңнан астам кәсіпорын 75 мың жұмысшының айлығын көтеруге дайын екенін білдірген. Мәселен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «IRJ» компаниясы қызметкерлерінің айлығы 9-дан 25 пайызға өседі. Сол секілді Шығыс Қазақстандағы «ҚазМырыш» компаниясы әртүрлі мамандықтар бойынша жұмысшыларының кіріс мөлшерін 3-тен 20 пайызға дейін көтермек. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының айлығы 8-10 пайызға артса, Қызыордадағы «Арал Тұз» компаниясы өз жұмыскерлерінің айлығын 20 пайызға өсіреді. Қарағанды облысында да әкімдіктер бұл бағытта кәсіпорындармен келісімге келуде», - деді Нұржан Әлтаев.
Еске сала кетсек, елордада бүгін «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумының бірінші күні өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 600-ден астам делегат қатысуда. Олардың қатарында бастауыш партия ұйымдары мен аймақтық партия филиалдарының басшылары, белсенді партия мүшелері бар. Одан бөлек, форумға белгілі отандық және шетелдік сарапшылар, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары арнайы қатысып, партия жұмысын жан-жақты жандандыру мәселесін талқылауда.