Бүгін Парламент Мәжілісі қабырғасында әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланып, онда депутат Елнұр Бейсенбаев Туризм және Спорт вице-министрінен депутаттар әзірлеген лудоманияға қарсы заң жобасы бір жарым жыл бойы Үкіметтің қарауында неге жатқанын сұрады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.
«Осыдан тура 1,5 жыл бұрын менің әріптестерім «Букмекерлік кеңселерді бақылау туралы» заң жобасын ұсынған. Тура 6 ай бұрын президент Қауіпсіздік кеңесін өткізді. 2023 жылдың қыркүйегінде жолдаудан кейін Қазақстанда лудомания проблемасы бар екенін айтты. Түрлі ресми-бейресми деректер бойынша оның айналымы триллион теңгеден көп. Біз барлығымыз сол заң жобасын күтіп отырмыз. Бірақ Үкімет әлі оны белгісіз себептермен ұстап отыр. Мен бұл жерде жемқорлық тәуекелі бар ма деп нақты Үкіметтен күдіктенемін», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Туризм және Спорт вице-министрі Мирас Төлебаев өз сөзінде заңды қарау 45 жұмыс күнінен де көп уақыт алатынын айтты.
«Реттеуші әсерді талдау бірнеше этаптан тұрады. Олар қоғамдық талқылау, ашық үкіметтің қарауы және жалпы кәсіпкерлікті қорғау мен дамыту бойынша құзырлы болып есептелетін Ұлттық экономика министрлігі мақұлдаған болуы тиіс. Бұл процедура ресми 45 жұмыс күнін қамтиды. Ол минимум. Сонымен қатар бірқатар келіспеушілік болса, қарау уақыты созылуы мүмкін. Лоббизм элементтері де болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Оның ішінде Кәсіпкерлер палатасы да бар. Себебі олардың міндеті кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Және біз барлық алаңдарда, оған сіздер де қатысқансыздар, бұл қарсылықпен күресіп келеміз. Реттеуші әсерді талдауда 17 түзету енді, бұл заң жобасы 55 түзету қарастырады. Сондықтан Үкімет оны қасақана ұстап отыр деу дұрыс емес», - деді вице-министр.
Вице-министрдің сөзіне депутат Асхат Аймағамбетов те шүйлікті.
«Үкімет заң жобасын ұзақ қарауы арқылы Үкімет регламентін және заңды бұзып отыр», -деді Асхат Аймағамбетов.