03 ақп, 2021 сағат 15:40

Вице-министр коронавирус инфекциясының алдын алуға қатысты ұсыныс берді

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният қазақстандықтарға коронавирус инфекциясының алдын алуға қатысты ұсыныс берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу бойынша практикалық ұсыныстар бергім келеді. Біріншіден, бұл - коронавирус инфекциясының алдын алудың санитариялық-эпидемияға қарсы шараларын сақтау. Саламатты өмір салтын ұстану, көбінесе таза ауада болу, күнделікті, соның ішінде тыныс алу жаттығуларын жасау өте маңызды», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, екіншіден, жоғарғы тыныс алу жолдарының жіті респираторлық инфекция симптомдары байқалған кезде өз бетімен емделумен айналысуға болмайды. Бейне немесе аудиодыбыс бойынша консультация бере алатын және коронавирус инфекциясына күдік болған кезде емханадан мобильдік бригаданы жібере алатын учаскелік дәрігерге жүгіну керек. 

«Үшіншіден, егер науқаста жоғары температура, айқын әлсіздік, ентігу пайда болса, құрғақ жөтел болса, ол немесе оның туыстары жедел жәрдемге – «103» нөміріне қоңырау шалуы керек. Стационарлық емдеуге көрсетілімдер болған кезде инфекциялық стационарға емдеуге жатқызудан бас тартпаңыз. Қорытындылай келе, коронавирусты жеңу үшін, өзіміздің денсаулығымыз үшін дұрыс таңдау жасауға назарыңызды аударғым келеді», - деді Ажар Ғиният.