12 ақп, 2019 сағат 20:41

Вице-министр: Қазақстанға ресейлік бензин қажет болмай қалды

ҚР Үкіметі осы аптада ресейлік бензиннің елімізге тасымалдануына уақытша шектеуді енгізетін құжат қабылдауы мүмкін. Бұл туралы Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің кеңейтілген отырысыннан кейін тілшілерге ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дизель отынын шығаруға және Ресей Федерациясынан бензиннің тасымалдануына шектеу шаралары осы аптада жарияланады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, дизель отынының шығарылуына уақытша шектеу үш ай мерзімге бекітілмек.

Комитет отырысы барысында Б. Ақшолақов мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, АИ-92 маркалы бензині айтарлықтай көбірек өндіріліп жатқанын атап өтті.  

«Бастапқыда стратегиялық қорды құру шараларына екпін қойдық. Бүгінде оны тәулік сайын тексеріп отырмыз. АИ-92 бензині бойынша 300 мың тоннадан кем емес деңгейге жеткізуге тырысудамыз. Бүгінде бензин артығымен өндірілуде. Қазіргі кезде 350 мың тоннадан астам қор жиналды. Сонымен қатар, биыл аталған көрсеткіштен асыра өндіру мүмкіндігіміз бар, яғни 500 мың тонна бензинге жеткізе аламыз», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жұмыстарын ескере отырып, 4,5 млн тоннаға тарта дизель отыны қажет болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі егістік алқаптарын кеңейтуіне байланысты Энергетика министрлігі фермелер қажеттігіне көктемде дизель отынын 380 мың тоннаға дейін арттырады.    

«Сәйкесінше, биыл 4,5-4,7 млн тонна дизель отыны өндіріледі. Яғни, отынның осы түрі бойынша қажеттілікті толықтай қамтамасыз етеміз. Дегенмен де маусымдық өзгерістерге байланысты Ресейден 300 мың тонна дизель отынын жеткізу мүмкіндігі болады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан дизель отыны экспортына шектеу қоятынын айтты.