30 қыр, 2019 сағат 16:17

Вице-министр биыл астық түсімінің төмен екендігін айтты

Еліміздегі диқандар астықты былтырғыға қарағанда биыл 3 млн тоннаға аз жинауы мүмкін. Бұған жаздағы аптап ыстық себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы жиналған астықтың жалпы өнімі 20,3 млн тоннаны құраған. Биыл 17 млн тонна астық жинау жоспарлауда. Елімізде 1 шілдеден бастап аптап ыстық болды. Әсіресе, ең бидайлы саналатын Қостанай өңіріндегі 8 ауданда еккен егін күйіп кетті. Ол жерлерде қазіргі таңда гектарына 3,4 центнер астық жиналып жатыр. Осы себепті, төмендеу болады. Үкімет тарапынан көрсетілетін көмек-қолдаулардың барлығы көрсетілді. Проблема жоқ. 1 шілдеден кейін күн райына байланысты қиындық туындағаннан кейін ғана мәселе шығып отыр», - деді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрге осы мәселеге байланысты «елімізде нан бағасы қымбаттай ма?» деген сұрақ қойылды. Айдарбек Сапаровтың жауабына сүйенсек, бұл мәселе бойынша әлі ертерек бірдеңе деу қиын. Десе де, ол нан бағасы сәл қымбаттауы мүмкін екенін жасырған жоқ.

«Экспортқа қанша мөлшерде бидайдың шығарылатынын әзірге айту қиындау. Менің ойымша, экспортқа 6-7 млн тонна астық шығарамыз деп болжам жасаудамыз. 17 млн тонна жинасақ, бәрібір өткен жылғыдан қарағанда түсім азырақ болады. Бірақ ішкі сұраныс толығымен қанағаттандырылады», - деді ол.