Әкімдер халықпен кездесуде залды мемлекеттік қызметшілермен немесе бюджет қызметкерлерімен толтырмауы тиіс. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әкімдердің қолжетімділігіне қатысты көп сын айтылды. «Көрмейміз», «Кездесе алмайыз», «Есептік кездесуде болмаса басқа уақыт алдына кіру мүмкін емес» деген сияқты сын көп болды. Бұл (Президенттің әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы) соның алдын алу үшін жасалып отыр. Біз халықтың уақытын да, қаражатын да үнемдеу мақсатын алға қойдық. Мысалы, елімізде облыс орталығы мен елді мекендердің арасы 500-600 шақырымға дейін шалғай. Енді облыс әкімдері алдарына өзі келіп тұрғаннан кейін тұрғындардың уақыты, қаражаты үнемделеді. Сонымен қатар кез келген тұрғын өзінің мәселесін әкіммен тікелей байланыста шешуге мүмкіндік алады деп ойлаймын», - деді вице-министр «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында.
Сонымен қатар ол бұған дейін әкімдердің кездесуін ұзын-сонар баяндамаларға, статистикалық деректерге құру деректері болғандығын да атап өтті.
«Сол себепті бұл мәселені де жүйелендіруге тырыстық. Қазір Жарлықта нақты көрсетілген. Яғни, кездесудің ары кеткенде төрттен бір бөлігі ғана баяндама жасауға арналады. Баяндамада Қазақстанның жаңа даму бағыттарын, алдағы жоспарлар және атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша айтып, кездесудің негізгі бөлігін сұрақ-жауапқа беріледі», - деді ол.
Бауыржан Омарбеков ендігі уақытта әкімдермен кездесуде алдын ала дайындалған сұрақтардың болмайтынын айтты.
«Әкімдерге жіберілген жадынамада нақты көрсеттік. Үлкен залдарға халықты жинау және оны мемлекеттік қызметшілермен немесе бюджеттік қызметкерлермен толтырмауы керек. Әкімдердің халықпен кездесуінің икемді күнтізбелік жоспары бекітіліп, ол халыққа алдын ала жарияланады», - деді вице-министр.