Наразылық кезінде коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің аты-жөнін жазып, жерде жатқан медицина қызметкерлері. Бразилия, 12 мамыр 2020 жыл.
Вирус жылдам тарап жатқан Бразилия науқастар саны жағынан Ресейден озып, екінші орынға шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Оңтүстік Американы пандемияның "жаңа ошағы" деп атады.
Бразилияда 330 890 адамнан коронавирус анықталған, 21 048 адам қайтыс болған. Сарапшылар науқастар бұдан да көп болуы мүмкін деп болжайды. Қазір Латын Америка елі індеттің таралу ауқымы жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Мұнда бірнеше күн ішінде мыңнан астам адам қайтыс болған. Адам өлімі жағынан әлемде 6-шы орында тұр.
ДДСҰ-ның төтенше жағдай жөніндегі директоры Майк Райан "көптеген елде жағдай тұрақты емес, бірақ дәл қазір Бразилия індеттен қатты зардап шегіп жатыр" деді.
Латын Америка елдері арасында Мексика 22 мамырда бір күнде 479 адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ-та 1,6 млн адамға вирус жұққан, 96 мың адам қайтыс болған. Ресей 326 мыңнан астам адамға вирус жұққанын, 3200 адам қайтыс болғанын хабарлады.
Қытай алғаш рет коронавирус тіркелмегенін мәлімдеді. Оңтүстік Кореяда 23 адамнан коронавирус табылған.