Абайдың мол мұрасын ғасырдан-ғасырға жеткізетін біз – жастармыз. Мұндай пікірді журналист Виктория Трегубова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Ресейдің Ульяновск облысында дүниеге келдім. Анам – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы. Мектеп бітірген соң, ілім-білім іздеп, Ресейге аттанды. Сол жақта әкемді жолықтырып, екеуі шаңырақ көтереді. Арада бес-алты жыл өткенде шешем әкемді төркініне таныстырмақ болып, Қазақстанға келеді. Әкеме қазақ елінің қонақжайлығы ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайтып оралмадық. Мен кішкентай Ұланбел ауылында өсіп, сол жерде қазақ тілінде білім алдым. Ал, ағам мемлекеттік тілді менен жақсы біледі. Бізге үйдегілерден тыс сырласу қажет болса, біз қазақ тілінде сөйлесуге көшеміз. Осындай сәтте олар бізге «нағыз қазақтар» деп әзілдейді. Менің бойымда орыс қаны тулап жатса да, менің жаным – қазақ. Сондықтан мен әрқашан және барлық жерде өзімді «орыстың қазақ қызы» деп таныстырамын», - деді ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында.
Сонымен қатар, ол ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымыз түгенделіп, қайта жаңғырғанын баса айтты.
«Сіз әрқашан этностардың Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік саласының және мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесін атап жүресіз. Биыл «Қазақстандағы этностардың Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесі» жобасы іске асырылды. Онда В.Радлов, Г.Бельгер, Е.Брусиловский және басқалардың есімдері жазылған. Олар барлық қазақстандықтарға рухани жақын және біздің бірлігіміздің алтын арқауы», - деді Виктория Трегубова.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық жасаған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған поэтикалық челленджге 1000-нан астам түрлі этнос жастары белсене қатысқанын айтты.
«Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысындағы достарым әлеуметтік желілерді Абайдың өлеңдерімен, сөздерімен, әндерімен толтырды. Абайдың арқасында қазақ тілі бізді – түрлі этнос жастарын біріктірді. Абай шығармашылығына деген махаббатымды осы бір өлең жолдарымен паш еткім келеді.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Ғұлама Абайдың мол мұрасын ғасырдан-ғасырға жеткізетін біз – жастармыз. Ендеше Абайды бірге оқиық, бірге зерттеп-зерделейік, бірге таниық!», - деді Виктория Трегубова.