Мен, Венинг Марина Ивановна - неміс ұлтының қызымын. Қазақстан азаматшасы болғандықтан, өзімнің қазақша сөйлейтініме таңырқауға негіз жоқ деп есептеймін. Себебі, бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесі өте өзекті. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін білуі қажет.
2020 жылдың 25 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Біз өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі» деген болатын. Мен, Президентіміздің бұл пікірімен толықтай келісемін. Өйткені өзге ұлт өкілдері қазақ тіліне нағыз жанашыр жандар. Олар қазақ тілін насихаттап, түрлі іс шараларға қатысудан басқа, күнделікті өмірде де қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті, кейбір өзге ұлтты құрбыларым қазақ тілінде мақалдатып, мәнді сөйлегенде, талай қазақты шаң қаптырады.
Мен үшін қазақ тілі - тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында біршама жетістіктерге жеттім деп мақтанышпен айта аламын. «Білерім - бір тоғыз, білмейтінім- тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Қазір той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір - ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі». Демек, мемлекеттік тілді меңгеруді әркім өзінен бастауы тиіс.
Венинг Марина
Есім Шайкин атындағы орта мектеп,
Шал ақын ауданы