03 қар, 2020 сағат 05:53

Вена орталығындағы теракт: Терроршылар алты жерден шабуыл жасады

Аустрия астанасы Венада лаңкестік шабуыл болды. Қарулы шабуылды бірнеше қаскөй ұйымдастырған, олардың бірін полиция атып өлтірді, еннді сыбайластарын іздеп жатыр. Қалада ауқымды арнайы операция жүргізілуде, деп хабарлайды Еuronews.

Полицияның мәліметінше, шабуыл алты орында, соның ішінде - қала орталығындағы синагога жанында, еврей орталығы мен мейрамхана жанында болған.

Құқық қорғау органдары екі адамның қаза тапқанын, бірнеше адамның ауыр жарақат алғанын, оның ішінде полиция қызметкері бар екенін растады. Қала билігінің мәліметінше, терактіде 15 адам зардап шеккен. 

Ал, жедел жәрдем қызметі бірнеше адамның қаза тапқаны туралы хабарлады.

BBC сайтының жазуынша, шабуыл кезінде ауыр жарақаттанған бір әйел ауруханада көз жұмған. 

Ішкі істер министрі Карл Нехаммер “бақайшағына дейін қаруланған қауіпті” топты табу үшін іздестіруге арнайы жасақ жұмылдырылғанын хабарлады.

Билік қала тұрғындарынан үйден шықпауды, терезеге жақындамауды сұрайды және куәгерлерге оқиға орнынан видео мен суретті әлеуметтік желіге таратпауға шақырды. Қалада қоғамдық көлік тоқтатылды.

Раввин Шломо Хофмейстер журналистерге шабуыл кезінде синагога жабық болғанын айтты. Ол барға келушілерге оқ атқан кем дегенде бір адамды көрген.

3 қарашадан бастап Аустрия коронавирусқа байланысты карантин енгізді. Атап айтқанда кешке барлар мен мейрамханалар адамға толып кететіндіктен, 20:00-ден 06:00-ге дейін үйден шығу шектелді.

Аустрия канцлері Себастьян Курц полиция шабуыл жасаушыларға қарсы батыл әрекет ететінін айтты. «Бұл - жиіркенішті террористік шабуыл. Біз терроризммен қорқытып-үркітуге жол бермейміз және мұндай шабуылдарға қарсы бар күш-жігерімізбен күресеміз», - делінген канцлердің мәлімдемесінде.