05 шіл, 2021 сағат 16:24

Велоспорт: Токио Олимпиадасында ел намысын кімдер қорғайды?


Велоспорттан Қазақстан командасының бас бапкері Асан Базаев Токио Олимпиадасында ел намысын кімдердің қорғайтыны туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Халықаралық велоспорт федерациясының қорытынды рейтингі бойынша, Қазақстан командасы тас жолдағы веложарыстан үш лицензия, тректегі велоспорттан екі жолдама жеңіп алған болатын. 

Атап айтар болсақ, тас жолдағы веложарыста ел намысын Алексей Луценко, Дмитрий Груздев және Вадим Пронский қорғаса, тректегі велоспорттан Артем Захаров пен Сергей Пономарев сынға түседі.

Тас жолдағы веложарыста Қазақстан командасының капитаны міндетін Алексей Луценко атқарады. Дмитрий Груздев пен Вадим Пронский де ел намысын қорғайды 

Айта кетейік, ұпай жинау кезеңдері 2018 жылдың 22 қазаны мен 2019 жылдың 22 қазаны аралығын қамтыды. Қорытынды есепте біздің команда 3259,35 ұпаймен 19-шы орынға табан тіреді. Бұл ретте 2019 жылы Қазақстан қоржынын маңызды ұпайлармен толтырған Алексей Луценконың еңбегі ерекше екенін атап өту керек. 

Сондай-ақ, қазақстандық велошабандоздар Азия біріншілігінде үш алтын алып, команда рейтингіне 555 ұпай қосты. Осылайша, 2004 жылдан бері алғаш рет топтық сында Қазақстан атынан үш спортшы бақ сынайды. 

Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы бәсеке 24 шілде күні топтық жарыспен басталады. Жарысқа 130 спортшы қатыспақ. Ал жекелей сында Алексей Луценко бақ сынайды.

Токио Олимпиадасында тректегі велоспорт додасы 1 тамызда басталады.