03 қаз, 2019 сағат 15:30

Василий Левиттің ӘЧ-дағы соңғы айқасына қатысты бапкерлер сөгіс алды

Ғалымбек Кенжебаев бастаған бокстан ұлттық құраманың барлық бапкерлеріне сөгіс жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Бұл шешімді Қазақстан бокс федерациясының жаттықтырушылар штабы Екатеринбургтегі Әлем чемпионат нәтижелерін сараптай отырып қабылдады.

Левиттің секунданттары айқастың нәтижесіне наразылық білдіруі керек еді. Ережеге сәйкес, жаттықтырушылар төрешілерге жекпе-жектен кейін 60 секунд ішінде сары қағаз беруі тиіс. Бірақ секундандтар бұл құқықты бірден пайдаланбай, уақыт жоғалтып алған.

«Біз барлық жеке бапкерлерді және федерация басшыларын шақырып алдық. Оларға федерация осындай жағдайда не істеуі, жаттықтырушылар не істеуі керектігін айттық. Болашақта қателіктер қайталанбауы керек. Біз бұдан арғы іс-қимыл жоспарын дайындаймыз. Көп жұмыс істеу керек, уақыт аз. 2020 жылғы Жазғы Олимпиаданың лицензиялық турниріне төрт ай қалды. Біздің барлығымызда - боксшылар, жаттықтырушылар және федерацияға үлкен жауапкершілік артылып отыр, - деді Қазақстан бокс федерациясының жаттықтырушылар құрамымен жұмыс жөніндегі вице-президенті Юрий Цхай.

Жалпы, бапкерлер штабы әлем кубогындағы команданың нәтижесін оң бағалаған. 26 қарашада бірнеше спортшы - Сәкен Бибосынов, Санатәлі Төлтаев, Айбек Оралбай, Римма Волосенко Жапонияға тесттік турнирге барады. Ол турнирдің нәтижелері Олимпиаданың іріктеуі ретінде есептелмейді. Турнир жапондық тарап өткізеді.

Сонымен қатар, 2019 жылдың аяғында ерлер командасы 10 қарашада Голландия құрамасымен жекпе-жек өткізіп, бірлескен жаттығу жасау үшін Нидерландыға барады. Желтоқсанда біздің боксшылар елімізде оқу-жаттығу жиындарын өткізсе, келесі жылдың ақпан айында олар Азия квалификациялық турнирінде Олимпиадалық лицензия үшін Қытайда шаршы алаңға шығады.

Еске салсақ, ӘЧ-нің жартылай финалында Василий Левиттің айқасында төрешілер эквадорлық боксшының жеңісіне күмәнді шешім қабылдаған болатын.