15 қар, 2020 сағат 10:19

Вашингтонда Трамп жақтастарының шеруі өтті

Демократиялық партия өкілі Джо Байден АҚШ президенті болып сайланғанын жариялағаннан бір апта өткен соң, 14 қарашада, Америка астанасында республикалық партия өкілі, қазіргі президенті Дональд Трампты жақтайтын ондаған мың адамның шеруі өтті. Жұрт сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтты және Трамптың "дауыстар ұрланды" деген негізсіз мәлімдемесін қайталады.

Трамп штабының жалауын көтеріп, "Американы қайтадан ұлы ел етейік" (MAGA) деген бас киім киген демонстранттар Вашингтондағы Ақ үй алдындағы алаңнан бастап Пенсильвания авенюмен Жоғары сот ғимаратына дейін жүріп өтті. "АҚШ, АҚШ!", "Тағы төрт жыл!" деп ұрандаған демонстранттар сайлау нәтжесімен келіспейтінін айтты. Бұл шара әлеуметтік желіде көп жарнамаланды және бүкіл Америка тұрғындарының назарын аудартты.


Трамп шеру туралы туит жазып, "ақпарат құралдары бұл оқиғаны көрсетіп жатқан жоқ" деп негізсіз мәлімдеме жасады. Шерудің басында ол президент кортежімен жүріп өтіп, жиналған жұртқа лимузин ішінен қол бұлғап, қошемет көрсетті.

Proud Boys деген оңшыл топтар да қатысқан шеру бейбіт түрде өтті, тек кешке қарай қарсы пікірдегі жұрттың митингісі басталғанда біршама шиеленісті.

Байденнің жеңісіне қарсы жұрттың демонстрациясы Флорида, Мичиган, Аризона штаттарында да өтті.

Байден сайлаушылар алқасының АҚШ президенті болып сайлануға жеткілікті 270 дауыс межесінен асып түсті деп жарияланғанына қарамастан, Трамп дауыс беру нәтижесін мойындамай отыр.

Елдегі сайлау комиссиялары өрескел заң бұзу туралы ақпарат жоқ дегенімен, Трамптың заңгерлері жер-жерде нәтижеге наразылық білдіріп, арыз берді.