11 жел, 2020 сағат 08:42

Валенсияда Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті

Валенсияның орталық кітапханасында және осы Испания автономиясының астанасында орналасқан «Жібек музейінде» Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Испан тіліне аударылған «Қара сөздері» кітабын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» кітапшасын таныстыра отырып, Қазақстан Елшісі Константин Жигалов тыңдаушыларға еліміздің өміріндегі Абай шығармашылығы мен жеке тұлғаның мәдени-рухани дамудағы рөлі, ақынның мұрасын ілгерілетуге арналған ЮНЕСКО қолдауымен өткен ауқымды іс-шаралар туралы ақпарат берді.

XVIII ғасырда құрылған Испаниядағы ең ірі кітапханаларының бірінің қорына испан тілінде жарық көрген басылымдар, оның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі», «Қазақстандық жол», «Әлем эпицентрі» кітаптары, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, Президент Қ. Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауы, қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялық жинақтары және Отанымыздың ежелгі және жаңа тарихына арналған шығармалар ұсынылды.

Дипломат Елбасы «қазақстандық жолды» қамтамасыз етуге және еліміздің дамыған мемлекетке айналуына қосқан орасан зор үлесіне, бітімгерші және саясаткер ретіндегі қызметіне тоқталып, оның ауқымды бастамалары әлемдік қауіпсіздікті құруға көпшілік мойындаған үлес қосқанын атап өтті.

Өз кезегінде испан тарапы Сервантес тіліндегі Қазақстан туралы кітаптарды Валенсия кітапханасына беру алғашқы рет жүзеге асырылып жатқанын баса айтты. Алынған басылымдар испан оқырмандарының Қазақстан туралы білімдерін кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз.

«Жібек музейінде» өткен іс-шарада сөз сөйлеген ЮНЕСКО-ның Жібек Жолы халықаралық желісінің президенті, беделді испандық саясаткер Хосе Мария Чикийо Барбер «ЮНЕСКО қолдауымен Абайдың 175 жылдығын атап өту – бұл қазақ ақынының тарихи мұрасының маңыздылығын бүкіл әлемде мойындау» деп атап өтті.

Мұрағаттар, кітаптар, эскиздер коллекциясы мен ғасырлар бойы жасалған жібек бұйымдарының үлгілері бар музейге келушілер бұдан былай Жібек жолының негізгі бағдарларына енген Сайрам, Яссы, Отырар, Тараз сияқты қалалардың жері Қазақстан тарихы туралы кітаптармен таныса алады.