ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов вакцинаның бірінші дозасынан кейін карантинге оқушауланудың қажеті жоқ екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
«Бірінші дозаны алған соң карантинге оқшауланудың қажеті жоқ. Мен қазір жұмысқа барамын. Вакцинадан кейінгі күтімді ұстануға тырысамын. Дегенмен баршаңызды карантин режимін сақтауға шақырғым келеді, өйткені адам вакцина алса да, кейбір жағдайларда белгілі бір вирустардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Вакциналау арқылы ең алдымен өзіңізді қорғайсыз, өз ағзаңыздың вирус жұқтыру мүмкіндігін азайтасыз. Бірақ сіз ағзаңызды өзіңізге шабуыл жасай алатын вирустардан босатпайсыз. Бұл вакцина сіздің денеңізді аурулардан қорғайды», - деп түсіндірді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.