06 қаз, 2021 сағат 18:18

Вакцина алғандардың 0,37 пайызы коронавирус жұқтырған


Коронавирусқа қарсы вакцина алған адамдар арасында вирус жұқтыру көрсеткіші қандай? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Вакцинациядан кейін вирус жұқтырғандардың санына келетін болсақ, бүгінде бұл 29 212 адам немесе вакциналанғандардың 0,37% сырқаттанған. Бірінші компоненттен кейін – 8 631, екінші компоненттен кейін – 20 581 адам. Вакциналардың түрі бойынша жіктесек, «Спутник V» – 24 766 немесе егілгендер санының 0,4% (бірінші компонент – 7 319, екінші компонент – 17 447). QazVac бойынша екпе алағандардың 0,2% немесе 655 адам. 255 адам бірінші компоненттен кейін, 400 адам екінші компоненттен кейін», - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.

Оның сөзіне қарағанда, CoronaVac вакцинасын алғандардың 0,3% немесе 824 адам (бірінші компоненттен кейін – 264, екінші компоненттен кейін – 560) вирус жұқтырған. Sinofarm бойынша 2930 адам немесе екпе қабылдағандардың 0,2% (бірінші компоненттен кейін – 781, екінші компоненттен кейін – 21 049) коронавирусқа шалдыққан.

«Сондай-ақ, Pfizer бойынша – 23, Astra Zeneca бойынша – 4, Moderna бойынша – 3 жағдай тіркелді. Яғни, вакцина алғандардың арасында вирус жұқтырғандардың үлесі әлі де аз» - деді комитет басшысы.