16 шіл, 2021 сағат 20:19

Вакцина алғандар да маска тағып жүруі керек - комитет төрағасы


ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова маска тағып жүрудің әлі де өзекті екенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Маска тағу қазіргі жағдайда ғана емес, пандемия жарияланғаннан сәттен бері өзекті. Вакцина алдық, енді маска тағудың, қашықтық сақтаудың қажеті жоқ деп ойлайтындар қателеседі. Әзірге ұжымдық иммунитет қалыптасқан жоқ, вирус қоғамда жоғары деңгейде таралып жатыр, өкінішке орай, вакцина алғандар да ауырып қалуы мүмкін», - деп атап өтті Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондықтан, оның айтуынша, вакцинамен қатар алдын алу шараларын да сақтау маңызды. 

«Өзіңіз туралы, жақындарыңыз бен қарт туыстарыңыз туралы ойланыңыз. Дельта штамының да әлдеқайда жұқпалы, көп адамға тез таралатынын және ауру күрделі жағдайда өтетінін есте сақтаңыз. Құрметті қазақстандықтар, өтінеміз, барлық алдын алу шараларын сақтаңыздар», - деді А. Есмағамбетова.