ҚР Қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарынан сыйлықақы алуға өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда. Сыйлықақы мөлшері 2000 АЕК-ті (4,5 млн теңгеден аса) құрайды.
Сыйлықақы әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарға 15 бағыт бойынша беріледі.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және ҮЕҰ деректер базасына мәліметтерін уақытылы тапсырып отыратын үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. Бір үкіметтік емес ұйым бір мезетте бірнеше номинация бойынша сыйлықақыға үміткер бола алмайды.
Үкіметтік емес ұйымдардың байқауға қатысу туралы өтініштері Азаматтық қоғам істері комитетіне жіберілуі тиіс. Байқауға қатысу үшін өтініш және сауалнама нысаны, сыйлықақыға үміткер ұйымның қызметінің сипаттамасы, қоғамдастық өкілдерінің ұсынымдары (ҮЕҰ) және (немесе) мемлекеттік органдардың ұсынымдары, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы құрылтай құжаттарының және куәлiгiнің (анықтаманың) көшірмелері, банк шотының болуы туралы анықтама (түпнұсқа) болуы керек. Құжаттар ағымдағы жылы 1 қыркүйекке дейін қабылданады.
Үкіметтік емес ұйымдарға сыйлықақы – үкіметтік емес секторды мемлекеттік қолдаудың бір түрі саналады. Сыйлықақы азаматтық қоғамды дамыту, оның әлеуетін арттыру және қоғамдық ұйымдарды ынтыландыру мақсатында қайтарымсыз беріледі.
Байқау жыл сайын өткізіледі және биыл екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр 59 ҮЕҰ өкілдері сыйлықақы алды.
Сыйлықақыны алу бойынша келесі сілтемеде танысуға болады: https://diakom.gov.kz/ru/content/prikazy-0