14 там, 2024 сағат 11:41

"Үйі жоқтың – күйі жоқ": Қазақстанда баспана мәселесі қандай?

Фото: Pixabay

Жыл сайын күзде елімізде баспананы жалдау және сатып алу бағасы көтеріледі. Оны мамандар маусымдық бағаның өзгеруі санайды. Биыл да пәтер құны шарықтап тұр.

Қазақстанда өзіңнің жеке бастапаң болуы өте маңызды саналады. Кей бір елдегідей көшіп-қонып жүру немесе өмір бойы жалдамалы пәтерда тұруды қазақстандықтардың көбі қаламайды. Оның бір себебі қалыптасып қалған менталитет десек, екінші себебі бағаның тұрақсыздығы. Өзіңнің жеке үйің болу бізде белгілі бір деңгейде тұрақтылықтың көрсеткіші іспеттес.

Ресми статистика бойынша 2024 жылғы II тоқсанда жалақының медианалық мәні 278 296 теңгені құрады. Ал Алматыда 1 бөлмелі пәтердің орташа жалдау құны 200 мың теңге болса, 2 бөлмелі пәтірді 300 мың, 3 бөлмелі пәтерді шамамен 400 мың теңгеге жалдап тұруға болады екен. Ал Астанада бұл баға 20-30 мың теңгеге арзандау. Сонда орташа жалақы алатын қазақстандықтың қалтасы тек 1 бөлмелі пәтер жалдап тұруға жетеді деген сөз.

Ал Krisha.kz сайты көрсеткендей шілде айында Алматыда пәтердің шаршы метріне сатып алу бағасы - 713 708 теңге болса, Астанада 476 644 теңгені құраған.

Баспананы жалға алу құны өткен айдың соңынан бастап өсе бастаған екен. Бұл туралы жазған Krisha.kz сарапшылары үй жалдау бағасы бірден 3,6 %-ға өскенін айтып отыр. 

«Барлық қалаларда Krisha.kz арқылы хабарландыруларды қарау мен қоңыраулар саны бір жарым-үш есе өсті. Өткен жылы шілде-тамыз айларында белсенділік 70% - ға артқан. Биылғы жылы жағдайдың қайталану ықтималдығы жоғары. Жалға алудың қымбаттауы маусымдық сұранысқа байланысты: студенттердің, ішкі мигранттардың Қазақстанның ірі қалаларына жыл сайын келуі», - делінген хабарламада.


Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, бір жылда пәтерді қайта сату бағасы 3,2%, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,4% өсті. Биыл шілде айы мен өткен жылдың осы уақыт аралығын салыстырсақ, баспананы жалға алу құны 5,2% жоғарылады.

Скриншот: stat.gov

Қолданыстағы пәтер нарығы бағасының өсімі бойынша  – Атырау, Астана қалалары көш бастап тұр, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған, Жезқазған, Петропавл мен Атырау қалалары жоғары көрсеткішке ие.

Әлемде адамдардың өмір сүру деңгейі қажеттіліктер мен қалаулардың орындалуына қарай анықталады. Баспана, азық-түлік пен киім адамның негізгі қажеттіліктеріне жатады және олардың қолжетімділігі елдің әл-ауқатын көрсетеді. БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бойынша бір адамға тұрғын үйде жайлы тұру үшін 30 шаршы метр норма болып есептелсе, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 23,6 шаршы метрден келеді екен. Бұл Қазақстандағы баспана мәселесінің өзектілігін көрсетсе керек.

Отбасы Банкінің статистикасы бойынша 18-35 жас аралығындағы 1,3 млн қазақстандық баспанаға мұқтаж.

«Бұл мәселе әсіресе өңірлер мен моноқалаларда өткір болып тұр. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайларының болмауына байланысты халық ірі қалаларға қоныс аударады. Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған байланысты халықтың ең көп өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады», -дейді Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.


Тұрғын үй бағасының күрт өсуі немесе түсуі елдегі ипотекалық бағдарламалар мен жеңілдіктерге байланысты өзгереді деп есептейтіндер де бар. Кейбіреулер үй алуға қандай да бір мүмкіндік пайда болса, баспананың да бағасы шарықтап шыға келеді дейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда «9-20-25», «Нұрлы жер» сияқты жиырмаға жуық ипотекалық бағдарлама түрі бар екен. Бірақ сөйте тұра баспананың қолжетімділігі жыл өткен сайын күрделенуде.

Осы мәселені депутаттар да жиі көтеріп жүр. Мысалы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастардың тиімді баспана алуы үшін  пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын тұрғын үй бағдарламасы қажет екенін айтқан. Ол 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру керек, не болмаса жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзартқан жөн деп есептейді.

Баспананың бағасы күннен күнге шарықтап өсіп, ақша жинап, үй алу өзекті проблемаға айналғанын Дәулет Мұқаев Мәжіліс кулуарында көтерген.

«2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын Республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады, 2 есе өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты», -деген депутат елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр екенін жеткізді.


Жалпы алғанда Қазақстанда маусымда жылдық инфляция 8,4% құрады. Ал құрылыс материалдарына баға 6,9% өсті. Елдегі құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден әкелінетіні жасырын емес. Сәйкесінше құрылыс материалдарының да құны шетел валютасының бағамына тәуелді. Құрылыс материалдарының бағасы өскенде үйдің де бағасы шарықтайды.

Баспана сатып алу, жалдау да Қазақстанда қарқын ала бастаған көрінеді. Ресми дерек бойынша, үй сатып алуға сұраныс маусым айымен салыстырғанда 21,7 %-ға өскен. 2024 жылғы шілде айында тұрғынүйді сатып алу-сату бойынша 40 099 мәміле тіркелген екен, оның ішінде жеке үйлерге 9 126 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге 30 973 келісім жасалды.

Ал Отбасы банкі арқылы былтыр 24 705 жас азамат баспана алған екен. 

Сонымен қатар 2023 жылы әлеуметтік тұрғын үймен 22 567 азамат қамтамасыз етілген. 2024 жылы 32 097 адам баспанаға қол жеткізеді деген жоспар бар екенін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев мәлімдеген.