08 қар, 2017 сағат 13:42

Ұялы байланыс операторларынан тарифтерді төмендетуді талап етеміз - Абаев

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шалғай аудандарда ұялы байланысты жақсартудың тәсілі жайында түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, тиісті түзетулер ақпарат және коммуникациялар мәселесі бойынша заңнамалық актілерде қарастырылған. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнама бойынша ұялы байланыс операторлары тиісті инфрақұрылымды салуға міндетті болып келді. 500-600 адам тұратын елді мекенде инфрақұрылымды тұрғызу қаржылық жағынан тиімсіз.

«Сондықтан да радиожиілік спектрін бірлесіп пайдалану мүмкіндігін беріп отырмыз. Осы арқылы ұялы байланыс операторлары үшін инфрақұрылымға 30 пайызға дейінгі шығынды қысқартудамыз. Бұл өз кезегінде ауылды жерлерде ұялы байланыстың сапасын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осы орайда бәсекелестік, тұрғындар үшін сапалы байланыс пен арзан тарифті таңдауға жол ашылады. Біз ұялы байланыс операторларына жеңілдік жасап жатырмыз. Бұл ретте біз сапаны жақсарту мен тарифтерді төмендетуді талап ете аламыз», - деп түсіндірді ведомство басшысы. 

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.