23 ақп, 2022 сағат 18:41

Утиль алымының төмендеуі шетелдік көліктердің бағасын арзандатады - дистрибьютер


Шетелде шығарылған жеңіл автокөліктерге салынатын утилизациялық алым мөлшерінің 50 пайызға төмендеуі Subaru маркалы көліктердің бағасына оң әсер етеді. «SUBARU KAZAKHSTAN» ЖШС директоры Ақылбек Анарбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шетелде өндірілген көліктерге белгіленген утилизациялық алым мөлшерін 50 пайызға дейін азайту жөнінде шешім қабылданғанын естідік. Біз мұны оң тенденция деп бағалап отырмыз. Себебі біз импорттайтын Subaru автокөліктеріне бұрынғы мөлшерлеме бойынша орта есеппен 1,5 млн теңге утилизациялық алым төлейтін едік. Енді мөлшерлемені 50 пайыз төмендетсе, оның көлемі 750 мың теңге болады. Бұл біздің Subaru-дың бағасы осы сомаға арзандайды деген сөз. Президент мырза «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз» деп айтып жатыр ғой. Сол қағидат бойынша халық талабын естіп, утиль алым мөлшерін 50 пайызға дейін қысқартты. Ол оң нәтиже береді деген үмітіміз бар», - деді импорттаушы компанияның басшысы 

Серіктестік директоры утилизациялық алымның жаңа мөлшерлері ресми күшіне енген күннен бастап өз көліктерінің бағасы арзандайтынына сенімді.

«Утилизациялық алымның жаңа мөлшерлемесі қашан күшіне енетінін әзірге білмейміз. Ресми ақпарат күтіп отырмыз. Жаңа мөлшерлеме күшіне енгеннен кейін барып «Жасыл даму» ұйымына алым төлей бастаймыз. Содан кейін барып біздің машиналардың бағасы төмендейді», -деді Ақылбек Анарбаев.

Кей сарапшылар утилизациялық алым ішінара азайтылғанымен, көлік бағасы арзандамайтынын айтып жүр. 

Утилизациялық алымның бұрынғы мөлшерлемесінен үнемделген қаражат дистрибьютердің қалтасында маржа ретінде қалатыны айтылған болатын. 

Жапониялық өндірушінің серіктесі өздерінің мұндайға бармайтынын айтты.

«Ондайға бармаймыз. Мен сізге себебін айтайын. Біздің бағаны Жапониядағы зауыт тексеріп отырады. Үстіне қосатын маржамызды зауыттың өзі тікелей бақылап отырады. Яғни, ойымызға келген маржаны қоя алмаймыз. Халық соны түсінуі керек. Жапониядағы өндіруші әлем бойынша бағаны қадағалап отырады. Мысалы, Қазақстанда бір маржа, Ресейге бөлек маржа болуына жол бермейді. Маржаның пайызы бүкіл елде бірдей болуы керек», - деп түсіндірді «SUBARU KAZAKHSTAN» ЖШС директоры.