13 ақп, 2019 сағат 16:15

Үстіртте көзге түскен қабыланға «Тау шері» есімі берілді

Өткен жылы Үстіртте фототұзаққа ілінген қабыланға «Тау шері» деген есім берілді. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Достар! Біздің қабыланға «Тау шері» деген есім берілді. Өткен жылы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері фототұзаққа бірінші рет қабыланды түсіріп алған болатын. Сол тұста қорық қызметкерлері қабыланды зерттеуді бастаған. Экспедиция қорытындысы бойынша мамандар мысық тұқымдастардың сирек кездесетін түрі - алдыңғыазиялық қабыланның жүргенін растады», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.

Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 12-16 жас аралығындағы және 16 жастан асқан оқушылар арасында «Қабыланға есім бер» атты байқау жариялаған. Ақыры, байқау барысында 70 сурет пен 80 ұсыныс келіп түскен.

«Сексенге тарта ұсыныстың ішінде төрешілер бір ауыздан «Тау Шері» деген атты таңдап алды. Жеңімпаз - Шайыр ауылының тұрғыны Әлия Омарқызы. Байқауды өткізуде бас демеуші Қазақстан биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығы болды», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Еске сала кетейік, Үстіртте алғаш рет қабылан көзге түскенін бұған дейін жазған болатынбыз.