14 сәу, 2020 сағат 13:36

Үстемеақы медицина қызметкерлерін жігерлендіре түсті – Елена Колпакова

Үстемеақы медицина қызметкерлерін одан сайын жігерлендіре түсті. Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында провизорлық стационарда еңбек етіп жатқан жұқпалы аурулар дәрігері Елена Колпакова осындай пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е.Колпакова өз мамандығы бойынша 27 жыл қызмет етіп келеді.

Бәйтерек ауданындағы провизорлық стационар биылғы 20 ақпаннан бері жұмыс жасауда. Онда Бәйтерек аудандық ауруханасының қызметкерлері ұйымшылдықпен қызмет атқаруда. 

Оның сөзіне қарағанда, стационарға түскендерден сынама алынады. Сынама барлық сақтық шаралары қолданыла отырып, вирусологиялық зертханаға жіберіледі. Коронавирус анықталған жағдайда науқас бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылады. Ал ЖРВИ және пневмониямен ауырғандар осында емделеді. 

«Карантиндік жұмысқа әзірлік тұрақты жүргізілді. Сондықтан аса бір қиындық туындаған жоқ. Негізгі құрам үстемеақы болатынын білмей-ақ жұмыс істеді. Барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, карантинде жатқан емделушілерге қызмет көрсетті. Бұл – кез келген жұқпалы аурулар стационарындағы қалыпты жұмыс. Әрине, үстемеақының төленуін қызметкерлер еңбектің бағалануы ретінде қабылдады. Бұл бізге жауапкершілік жүгін үстей түседі», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Елена Колпакова.

Еске сала кетейік, БҚО-да 215 медицина қызметкеріне 22,6 млн теңге сомасына үстемеақы берілді. 

Жалпы өңірде коронавирусқа шалдығудың 11 оқиғасы тіркелді. Соңғы анықталған екі науқастың бірі Ресейден келген.