23 қаз, 2019 сағат 12:38

Ұстаздардың жалақысын көтеруге 1,7 триллион теңге қарастырылды – министр

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірнеше заң жобасы қаралды. Соның ішінде "2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңның жобасы да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, үш жылдық бюджетте білім саласына қыруар қаржыны бөлу қарастырылған. Ал, ең бастысы, ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесі ескерілген.

"Келесі жылы 25 процентке, одан кейін 50 процентке, ары қарай 70 процентке, ең соңында 100 процентке көтеру тапсырмасы бар. Осы тапсырма бойынша тиісті қаржы қарастырылды. Ол – бір. Екіншіден, апатты жағдайда және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептерді жою бойынша қаражат бөлініп жатыр. Бұдан бөлек, колледждерді жабдықтау, жас мамандарды қолдау және басқа да бағдарламалар бойынша ірі көлемде қаржы беріліп отыр", - деді Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында. 

Министрдің сөзіне қарағанда, үш жылдық бюджетте ұстаздардың жалақысын көтеру шараларына ғана 1,7 триллион теңге қарастырылған. Бұған дейін ондай қаржы бөлінбеген.

"Ендігі мақсатымыз – ол ақшаны әрбір педагогқа жеткізу және білім беру сапасын көтеру. 500 мыңнан астам педагогқа сан алуан қосымша ақылар беріледі. Сосын ғылым саласын қаржыландыру көлемі екі есеге артып отыр", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, үш жылдық бюджетте мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жалақысын көтеру, тұрғын үй қорын жаңғырту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, білім саласын жан басына қарай қаржыландыру, ауылды сапалы ауыз сумен қамту, газдандыру, жергілікті жолдарды дамыту, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, жастар мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту және тағы басқа маңызды шаралар қарастырылған. Сондай-ақ, "Нұрлы жол" мен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламаларына бөлінетін қаражат бар. "Бизнестің жол картасы 2025" атты жаңа бағдарлама қолға алынады.  

Бүгінгі отырыста депутаттар заң жобасын бірауыздан қолдады. Ал спикер Нұрлан Нығматулин мәжілістің жалпы отырысына келген Үкімет басшысы Асқар Маминді туған күнімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Бүгін Премьер-министр 54 жасқа келді.