13 қаң, 2020 сағат 16:05

Ұстаздар мемлекет қолдауын үлкен жауапкершілікпен қабылдауы тиіс - сенатор

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Ақмола облысының Бурабай ауданында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сапар барысында сенатор алдымен Щучье қаласындағы №2 орта мектепте болып, білім беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Өз кезегінде сенатор Бақытжан Жұмағұлов жақында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, еліміздегі педагогика қауымының мәртебесін арттыруға және мұғалім беделін көтеруге бағытталғанын түсіндірді.

«Ұстаздарымыз мемлекеттің осындай қолдауын үлкен жауапкершілікпен қабылдауы тиіс. «Педагог мәртебесі туралы» заңның одан әрі жұмыс істеп кетуі өздеріңізге байланысты. Ұстаздар қалай әрі қарай алып кетеді?! Ұстаздардың өткізіп жатқан сабақтары әлемдік деңгейге сай болуы керек. Осыған үлкен жауапкершілікпен қарап жатқандарыңыз байқалады», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сонымен қатар, сенатор Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімовамен бірге Щучье қаласындағы жоғары техникалық колледжі, жоғары педагогикалық колледж тәрізді бірқатар арнайы орта білім беру ұйымдарында болып, материалдық-техникалық жабдықталуына назар аударды. Колледждің оқытушылық құрамы және студенттермен кездесіп, жағдайларын сұрап білді. Сенатор педагогтардың құқықтарын кеңейту, ауыртпалықты азайту, мұғалім қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалдық емес ынталандыру мен материалдық тұрғыда қолдау тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Осындай кездесу Бурабай аудандық жұмыспен қамту, халыққа арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында өтті. Кездесуде жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу, жұмысқа орналасу, асыраушысынан айырылу, жүкті болуы мен босануы және 1 жасқа дейінгі бала күтімі жөніндегі баптар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда енгізілген өзгерістер мен бұл бағыттағы мәселелер туралы Бурабай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Кенже Иманқұлова айтып берді.