Абай атында орталық ашу, кино түсіру, «Абай» журналына қолдау білдіру – ақынның болмыс құпиясы және тереңімен қауыштыру. Қазақстан Президентінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы туралы Балқаш қаласындағы №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Саягүл Сыздықова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұстаздар қауымын бей-жай қалдырған жоқ. Өйткені, Абай қазақ әдебиетіндегі қайталанбас зор тұлға, ақын, философ, ағартушы. Ақын тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Оның шығармалары қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады», дейді Саягүл Сыздықова.
Оның айтуынша, ел Президентінің Абайға ерекше назар аударғанында үлкен мән бар.
«Абай десе қазақ, қазақ десе Абай еске түсетін үлкен ұғым қалыптасқан. Абай атында орталық ашу, кино түсіру, «Абай» журналына қолдау білдіру ақынның – мыңжылдықтарды құшағына сыйғызған, заманалар сырын толғаған, адам болмысының құпиясы мен тұңғиық тереңімен қауыштыру деп білеміз. Рухани жетілудің жолдарын көсемдікпен көрсеткен келешектің кемел жаратылған Ұлы даланың өрен тұлғасы әр қазақ баласына алтын қазық екендігі сөзсіз. Хакімнің қағидаты, ұстанымы – мемлекет өркендеуі мен қоғамды ізгілендірудің, елді сәулелендірудің кепілі. Сондықтан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлттық мәдениетіміздің мәйегімен сусындауға ықпал етеді», дейді Саягүл Сыздықова.
Оның пайымынша, Абайдың дәстүрі, мектебі – Ұлы дала руханиятының жаңарып-жаңғыруына, жас ұрпақтың ой-санасының жетілуіне жол ашады.