29 қар, 2022 сағат 13:08

"Үштік газ одағын" құру мәселесі қарастырылды - Тоқаевтың баспасөз хатшысы


Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде "үштік газ одағын" құру мәселесін талқылағанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекет басшысының Мәскеуге жасаған сапарына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан сұрақтар келіп түсіп жатыр. 

Осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "үштік газ одағын" құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды", - деп жазды Желдібай Facebook-парақшасында.

Еске салайық, 28 қарашада Тоқаев Мәскеуге ресми сапармен барды. Бұл Қазақстан Президентінің ұлықтау рәсімінен кейінгі алғашқы сапары болды.