13 қыр, 2021 сағат 16:56

Ұшақта темекі тартқан жас жігіт 150 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін


Ұшақ бортында темекі тартқан қазақстандық 150 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақтөбе қаласы әуежайында полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері 19 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Жас жігіт «Алматы-Ақтөбе» бағдарындағы әуе рейсінде темекі тартқан. Сонымен қатар ол ұшақтағы талаптарды сақтамаған, яғни ұшақ командирі мен экипаж мүшелерінің нұсқауларын орындамай, балағат сөз айтқан. Осы арқылы ол қоғамдық тәртіпті бұзған», - делінген департамент мәліметінде. 

Ұшақтағы тәртіпті бұзған жігітке қатысты әкімшілік үш хаттама толтырылды. Осы орайда әуе кемесі бортында темекі тарту, ұшақтағы тәртіпті бұзу және ұсақ бұзақылық айыптары тағылып, 53 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық бойынша материал сотқа жіберілді.