Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында ішкі әуе рейстері қайта жанданғаннан кейінгі негізгі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер ішкі әуе рейстерінде санитарлық карантиндік бақылауды күшейту туралы тиісті қаулы қабылдады.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасында мынадай негізгі талаптар анықталған: Жолаушыларда COVID-19 жұқтырмағаны туралы анықтама болуы тиіс. Инкубациялық кезеңнің орташа мәнін ескергенде анықтаманың жарамдылық мерзімі ол берілген күннен бастап 7 күнтізбелік датаны құрайды. Жолаушылар әуежай ғимаратына, ұшу алаңына және әуе кемесінің бортына тек маскамен ғана жіберіледі. Сонымен қатар әуе кемесіне тіркелу, отыру және түсу кезінде жолаушылар арасында қауіпсіз арақашықтық (1 метр) сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса, ұшақ бортында қауіпсіз арақашықтықты сақтау үшін қатардағы бір орындық бос қалдырылып, жолаушылар отырғызылады», - дейді ол.
Оның атап өтуінше, сала мамандары ұшу аумағында және ұшақ бортына отырғызу кезінде барлық жолаушылардың және экипаж мүшелерінің дене қызуын өлшейді. Мұнан бөлек, ұшақ бортында, әуежай терминалында залалсыздандыру режимін сақтау бойынша қатаң талаптар айқындалған.
«Айта кетерлігі, мониторинг барысында мұнан ары жолаушыларда COVID-19 ауруы тіркелмеген жағдайда талаптарды жеңілдету мәселесі қарастырылады. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, Қазақстанның өзге қалаларына, оның ішінде халықтаралық әуе рейстерін қайта жандандыру мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен қарастырып жатырмыз», - деді Сәдуақас Байғабылов.