27 жел, 2019 сағат 09:38

Ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыру үшін донорлар іздестіріліп жатыр

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыру үшін донорлар іздестірілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш хабарлама Алматы қаласы әкімдігінің телеграмдағы ресми парақшасында жарияланды.

«Құрметті алматылықтар. Ұшақ апатына байланысты шұғыл түрде қан доноры керек. Алматыда қан орталығының мекенжайы Бұқар жырау, 47 үй, телефон: 274-31-99. Алматы облыстық қан құю орталығының мекенжайы: Қаскелең қаласы, Абылай хан көшесі, 42 үй, телефон: +7 (72771) 2 28 04», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.